Қыс. Елес

ҚЫС. ЕЛЕС... Менің сырқат санамды сауықтырған, Қарға қарап, қуандым жауып тұрған. Қар астында қамалып қалса дедім, Қу тірлігім жанымды жалықтырған. Аспанымнан ағылған ақ қар мынау, Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау. Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым, Тереземнен телміріп, қатқан қырау. Көзіме көрінгенмен алыс мүлде, Қиялым қанат қақты таныс күнге. Ақ адал балалығым асыр салып, Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде. Айнала ажарланған ақ күміс күн, Сол кезде баянсыз бір бақты құштым. Арманым ақ сағымға сіңіп кетті, Қалмады. Құшағыма қатты қыстым. Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ, Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ. Мәңгілік жер бетінде қалмас ешкім, Қысты да көктем келіп зар жылатпақ. ...Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар, Құлазиды көңілсіз жаурап бақтар. Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын, Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.  Қалқаман САРИН
Back to Top