Ресейдегі наразылық қалай өтіп жатыр

Ауа райының салқындығына, полицияның ескертуіне қарамастан, 23 қаңтарда Мәскеудегі Пушкин алаңында ондаған мың адам жиналып, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды босатуды талап етті. Полиция жиналғандарды резеңке шоқпармен ұрып, күш қолданып, таратуға тырысты. Reuters агенттігінің есептеуінше, Мәскеудегі наразылық шарасына 40 мыңға жуық адам қатысқан. Ресей ішкі істер министрлігі ел астанасындағы жиынға 4 мың кісі келді деген ақпар таратты. Журналистер бүгінгі жиынды 2017 жылдан бергі ең ірі наразылық акциясы деп атады. AFP агенттігінің хабарлауынша, Мәскеудегі жиында полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болып, тәртіп сақшылары күш қолданған. Полиция жасағы алаңдағы адамдарды ұстау кезінде де күш қолданып жатыр. “ОФД-инфо“ тобының есептеуі бойынша, бүкіл Ресей аумағында ұсталғандар саны 1100 адамға жетті. Бұл сан әлі де өсіп жатыр.
Back to Top