Көкмойнақтың үйірі Адай тағдыры орындығын Елдос Еміл.
Әлқисса болар сөз басы,
Ақылдың иман жолдасы.
Бұл күндері болғанда
Ақыл мен иман бүлінді,
Заманым қырық құбылды,
Жоғалып ынсап-қанағат.
Отыз екі деген жылында
Самның орғыл құмында
Біздің Адай қырылды.
Ақырын берсе салауат.
Сұлап жатқан көп өлік
Бұйрат құмды жағалап.
Түлкі сарып сырыққа,
Қарға қонды құрыққа,
Қара шыбын балалап.
Қырылып жатқан халықтың
Көзін ғана ойып жеп,
Құзғын ұшты табалап.
Қарындас болды – қара бақ,
Жүйрік болды – шабан ат.
Ойға да қырға ел ауды,
Саулы інгендей ыңыранған.
Маңғыстаудың Қараойы,
Кімге етермін аманат?!
...Өңім осы, түс емес,
Ойлап тұрсам мынау іс –
Бәлшебектің ісі емес.
Ақыл айтқан әр баптан
Заман парқын шамалап,
Әр нұсқаны саралап,
Асыл сойдың баласын
Алып кетті бір түнде
«Дұшпансың!» – деп қаралап.
Он жетіде жасым бар,
Қиылған қара қасым бар –
Тастап кетті бала деп,
Жүгірсем де «ағалап».
Қамшы құйрық қызыл нар,
Қаны таза бізің нар –
Мұрнынан тізіп оны алды
Ауыл-үйді аралап.
Көкмойнақтың үйірі-ай,
Домбыра тартсам күйім-ай,
Айқайласам әнім-ай,
Ашырқансам дәмім-ай,
Тұшырқансам тұзым-ай,
Алдына салып айдады
Бишігімен сабалап.
...Малдан зият жануар
Қашып келді қайтадан
Талай жерді аралап.
Туырлықсыз тұл үйді,
Қараң қалған мың үйді
Иіскеп жүр жағалап.
Күнде ертемен оянсам,
Айналайын көзіңнен,
Оқыранып келеді
Көкіректі жаралап.
Қол кісенсіз байлаулы,
Іш қазандай қайнаулы,
А, сұм жалған жаман-ақ.
Бұл салғырттың бойында
Нелер батыр өтпеді?
Жауды көрсе жараған,
Сөз десе бұлты тараған.
Нелер тақ-тақ өтпеді?
Аруанадай зарлаған,
Ұл туады анадан
Қиқуды естіп даладан.
Көлденеңім – көк отау,
Қырқа жағым – қырық отау,
Ойпаң жағым – он отау,
Белдеуінде әр үйдің
Таң аспаса Көкмойнақ –
Ол ауылдың несі артық
Сырлаған сары моладан?
Көксауыр жона ақбас ер,
Ақ бас ердің қасына
Бесатар мылтық ілмесе –
Оны да жігіт санаман.
Осы екеуі жоқ болмаса,
Артыма қимай қараман.
Қасқа да болған ерлерім,
Сол қайраттан не көрдің?
Ұстап берді айғақтап
Қалған мұра бабадан.
Мынау, мынау, мынау күн –
Қасірет күн, жылау күн.
Қатын-қалаш, кемпір-шал,
Бала-шаға болмаса
Аш өзектен шалдырды
Бас көтерер абадан.
Бытырады ел ауды,
Аз аумады, мол ауды.
Кең Маңғыстау – кең ием,
Кер жусанды саладан.
Жиен ағам Көкбөрі –
Өлексеге тоқ бөрі.
– Не істейміз? – деп едім
Атаңа нәлет қорс етіп,
Әрі айналып: – Кет! – деді.
Түбі шикі құл баулы,
Ашамайда келген ит,
Арам төлден өрген ит.
Қаным қатып мен кеттім,
Тағы үрер деп абалап.
...Жол тірелді тұйыққа,
Бесатар мылтық иықта.
Тәуекелге бел будым.
Бел буған жерім айтайын:
Ана Үстірттің етегі –
Көз талатын қиыр-ды,
Қиырға салып шиырды,
Жинап-теріп бір күнде
Қуып кеттім үйірді,
Көк жұлынды тағалап.
Ұзын санын сұрасаң –
Торқа жалды тоғыз-ды,
Серке санды сегіз-ді,
Санап шықтым аралап.
Мама бие, көк бие
Арда құлынға ұқсатып
Аузымды ашсам емізді.
Ортасында жатқанда
Көзден аққан қанды жас
Омырауыма құйылды.
Ұйықтатпайды түнімен
Бөрі-шағыл қамалап.
Тұсап қойдым жаныма
Көк биені даралап.
Қосқұлақтың тамында,
Көк құлпытас жанында
Сол көк бие кісінеп,
Тағы он бес ат жиылды.
Заман қысым салғанда
Түзден нәсіп бұйырды.
Бекет Атам мешітін
Бес күн жаттым паналап.
Сәрсенбінің сәтінде
Дүркірете қуалап,
Құмға сіңіп жоғалдым
Қу түлейді сағалап.
Көкмойнақтың баласы-ай,
Көз ұямның қарасы-ай,
Көңілімнің наласы-ай!
Ере алмайды жүгірсе –
Шұбалаң құйрық шұбар да,
Қуыс қолтық қылаң да.
Қарабайыр, арғымақ,
Тесік өкпе қазан ат
Жарыса алмас бұлар да.
Тобан аяқ жабы емес,
Қол-аяғы жіптіктей,
Жіптік те болса – болаттай,
Болат оңай сынар ма?!
Доңыз мойын қара емес,
Басы жеңіл бұрарға.
Одан артық көлік жоқ
Кезенген жауға тап болып,
Кескілесе шығарда.
Майға бөгіп қалмайды –
Бір атасы құлан ба?
Сабау кірпік, тұнық көз –
Бір атасы бұлан ба?
Құлыбын кері қайырған
Мылтықты көр де оны көр –
Қос құлағын жымарда.
Біздің елдің адамы
Үшқұдықтың арасын
Сәске болмай қосады
Таң намаздан шығарда.
Қыс тоғыста – терлетер,
Жаз тоғыста – өр кетер,
Беріктігін сынарда.
Үш қиянның қазағы
Тақ тұрады алдында
Бәсеке-дәурен құрарда.
Мініп шықсам құтыртып –
Айтқызбай-ақ таниды
Түп атамды сұрарда.
Жауға мінсем – айбарым,
Тойға мінсем – жайнағым,
Төбемдегі – байрағым,
Жанымдағы серігім,
Талыс танау көрігім,
Асылың хайуан демесең –
Малдан бөлек келімің.
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол тартып
Шиыр салып жүргенім.
Қаба жалдың әр талын
Тарап ұстап сүйгенім.
Сізден басқа жылқыға
Ат екен деп мінбедім,
Көлік құрлы көрмедім.
Тақымыма бір тисең,
Ағын судай гүрледім.
Маңғыстауда бұлт едік,
Топтан озған ілкі едік,
Оза көшіп, кең қонған
Сегіз арыс жұрт едік.
Сегіз арыс ішінде
Егер қатын қалса бір
Туар мендей баланы,
Сізді қайдан табады?
Қамықпа, жаным, қамықпа,
«Әр асқанға – бір тосқан»,
Мына алапат басылып,
Жұлдызың ертең жанады.
Соны неге білмейді
Көкбөрілер манағы?!
Бұралқы итті асырасаң –
Түбі өзіңді қабады.............