Атқора дегенде тап мұндай деп ойламадым. Интернеттен шетелдегі атқораларды қарап аузымды ашып жүрсем, біздің қазақтың жігіттері олардан асырып керемет қылып салыпты. Қанша қаржы кеткенін білмедім, бірақ жылқының нағыз жанашыры осындай болса керек-ті.
Біз қазақтың жылқымен байланысын пафоспен айтамыз. Шындығында бұл түліктен қол үздік. Қазысын ғана жақсы көреміз. Ата-бабаның атбегілік тәжірибесін ұмыттық. Саусақпен санарлық атбегі қалды. Енді шет елден үйреніп жатырмыз. Себебі олар бүгінде жылқыны әбден ғылымға айналдырған. Күтімін, бабын, тұқымын жетілдіріп тастады. Ағылшынша іздесеңіз бұған көз жеткізесіз. Бізде жылқыға қатысты соңғы жылдары бірнеше энциклопедиялық кітап басылды. Оның өзі қолжетімсіз, елге тарамады. Ғаламторда жөнді материал жоқ, жалғыз сайт бар (Ержан Жаубайға раxмет). Жылқы ұстап, ат баптаймын дегендер үшін, тіпті олай болмағанда қазақ біліп жүруі үшін пайдалы контент керек.