Депозиттерін теңгемен сақтаған азаматтар - мемлекеттен сыйақы алу үшін өтінім беріп үлгеріңіздер!

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде депозиттерін теңгемен сақтаған азаматтар 10 пайыз сыйақысын алу үшін 1-ші қазанға дейін өтінім беруі керек. Қазір қаржы ұйымдары өтінім беру ережесін дайындап жатыр. Ал сыйақы келесі жылы 24-ші ақпаннан кейін 7-10 күн ішінде есептеліп, салымшыларға беріле бастайды. Биыл ақпан айында Ұлттық банк пен Үкімет теңгедегі салымдарды сақтандыруға арналған бағдарламаны бастаған еді. Яғни, теңгемен сақталған депозиттерге банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден бөлек, мемлекет салым сомасының 10 пайызын сыйақы ретінде береді. Бұл бір реттік өтемақы. Тек бір ғана шарт, 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап келесі 12 айда, яғни 2023-ші жылдың 24 ақпанына дейін депозиттігі соманы банкте сақтау керек. Оның үстіне өтемақы 20 миллионнан аспайтын сомаға беріледі. Енді, салымшылар 1-ші қазанға дейін сыйақы алуы үшін өтінім беруі керек екен. ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі: — Әзірленген жобаға сәйкес салымшының келісімі туралы өтініш беру тәртібі мен тәсілін Екінші деңгейдегі банктер айқындайтын болады. Банктер өтініш беру тәсілін анықтап, аталған құжат бекітілгеннен кейін өтініштер жинауды бастайды деп болжануда. Ұлттық банктің ақпарына сай бағдарламаға қатысатын шоттардың шамамен 93 пайызы 3 миллион теңгеден аспайтын салымдар. Ал, салымшыларға өтемақы төлеуге кететін шығын шамамен 550 млрд теңгені құрайды. Өтемақы бюджет есебінен төленетіндіктен банктердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР премьер-министрінің орынбасары — қаржы министрі: — Менің ойымша, өтініш беруде еш қиындық болмау керек. Әр салымшы сыйақы алуға өтініш беруі қажет. Депозиттерді кепілдендіру қоры оны қарастырады. Ары қарай бұл ақша бюджеттен бөлінетін болса, біз қараймыз. Ал егер, Ұлттық банктен бөлінсе солар қарастырады. Бұл баяғыдан келе жатқан механизм. Айта кетейін, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы арқылы - жинақ салымдарға, депозиттерге кепілдік беру қорындағы мерзімді және мерзімсіз салымдарға, сондай-ақ, «Отбасы банктегі» салымдарға өтемақы беріледі. Сыйақы келесі жылы 24-ші ақпаннан кейін 7-10 күн ішінде есептеп, салымшыға аударылады. . . . . Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube - Facebook - Instagram - Vkontakte - TikTok - @informburo31 WhatsApp Информбюро 7 777 331 31 31 #Информбюро #Ақиқатын_Айтайық #ИнформбюроЖаңалықтары #БүгінгіЖаңалықтар #БастыЖаңалықтар
Back to Top