Теміртаулықтар үйдің ішінде де аяздан тоңып отыр. Жылу электр орталығында апаттық жағдайлар жиі болады. Жылытқыш құралдарын қосуға электр энергиясының да бағасы шарықтап кеткен. Ал, тұрғындардың арасында тұмау дертіне шалдыққандар көбейіп кеткен.
Қыстың ортасында аяз бен боранның өршіген кезінде де металлургтер қаласындағы үйлерде термометр 16 градустан артық жылылықты көрсетпейді. Мария Колесникованың екі баласы бар. Қарағандыдан екі жыл бұрын көшіп келген. Бұрындары терезені ашып, бөлмені желдетіп алуға да болатын. Қазір, дәліз бен пәтердің жылылығы бірдей. Бір жарым жасар Матвей электрлік жылытқыштың жанында ғана ойнауға мәжбүр. Ал, 14 жастағы Анастасия сабағын көрпе жамылып отырып оқиды. Мария электр энергиясына жазда мың теңгеден төмен төлейтін. Бүгінде, төлемақысы 3 мың теңгеден асып кеткен.
Гүлнәр Ақшолақова Теміртауда тұрып келе жатқанына 10 жыл болған. қызы 2-ші, ұлы 5-ші сыныпта оқиды. Үйде жылы киініп жүреді. Барлық бөлмені жылыту мүмкін болмағандықтан, бүкіл отбасы күні бойы бір бөлмеде отырады.