АҚТАУ ҚАРИЛАРЫ АЛЛАНЫҢ АРА ЗІКІРІН ЯССАУИ ХИКМЕТІМЕН САЛУДА! (аудио нұсқа, Субтитр Қазақша тест)

Ақтау қарилары Алланың ара зікірін Яссауидің хикметімен бірге салуда! (Толық нұсқасы Ясауи мұрасы телеграмм каналында) Бұл не? Бұл – Ясауидің ара зікірі. Кезінде, 2011-ге дейін Ақтауда қарилар дайындайтын медіресе болған. Сол жерде үнтаспаға басылған күнделікті салынатын зікірдің бірі. Иә, сапасы нашарлау: Nokia заманынан жетіп отыр. Кімге керек? Ара зікірін үйінде жеке не жақындарымен отырып салғысы келетіндер үшін жүктеліп отыр. Бұ зікірді қалай салады? Жалғыз болсаңыз, құлақтықпен тыңдай отырып аралауға (ара зікірін салуға) болады. Зікірге бірнеше адам қатысса, алқа құра (дөңгелене) отырып, дыбысы бәріне естілетіндей етіп қосылған зікірге ілесіп, оң қабақтан жүрекке ұрасыздар. Аралап отырып, іштен “Һу-Һу“, болмаса “Һу-Һай“, немесе “Алла-Һу-Алла-Һай“, яки “Илл-Алла-Алла-Һу“ деп қайталап отыру керек. Таза киім, тізеден төмен шалбар, әйелдерге орамал, дәретпен келу – жазбаса да түсінікті болар. Соңыра дұғасына қол жаясыздар. Шаблон күйінде дайын-ақ тұр. Ерекшелігі. “Ясауи“ тобының өзі (!) отырып хикмет айтқан ара зікірінің таспасы да бар. Бір емес, бірнешеу болса керек. Бірақ зікіршілер арасында ең кең тараған нұсқасы – осы: “Ясауи“ тобының емес, қарилардың зікірі. Неге? “Ясауи“ хикметтерді сахналық үлгіде шырқайды. Ал бұ зікірде айтылар хикметтер вокалдық тұрғыдан сын көтермеуі мүмкін. Бірақ сахнада емес, ара зікірінде хикмет айтудың мәні – мінсіз ән шырқау емес, Тәңірінің тылсымын сезіндіріп, зікірге қатысушыларды ерекше әсерге бөлеу. Осы жағынан қарилар салған ара зікірі оқ бойы озық тұр. Оның үстіне, жиырма минуттан сәл-ақ асатын зікір жалпақ жұртқа да жайлы болса керек :) Қарилардың ара зікірінде айтылған хикметтер мәтінімен бірге каналымызда (“Ясауи мұрасы“ телеграмм каналы ) түгел тұр. Іздеушілер болса, мыналар: 1. Һу алқасы 2. Опасыз фәни 3. Ей, сопы 4. Пейіш пен Тозақтың айтысы 5. Дәріл бақиға өту 6. Таһлил соңы Сәттілік!
Back to Top