435 мың қазақстандық арзан жолдамамен шетелге демалысқа кеткен

Сыртқы істер министрлігінің ескертуін елемей, ақпанның соңынан бері 435 мың қазақстандық шетелге шығып кеткен. Короновирус қауіп тудырса да кей жерлесіміз арзан туристік жолдамаларды пайдаланып, демалып қалуға тырысқан. Мәселен Ресей арқылы 174 мың, Қырғызстаннан 118 мың, Өзбекстан арқылы 109 мың азамат аттанған. Олар транзитпен Еуропа мемлекеттері мен курорттық аймақтарға барыпты. Көбі елімізге келіп үлгерсе, кейбірі қайтарда қиындыққа тап болған. Бірінің рейсі кейінге шегеріліп, енді бірін барған елінен шығармай қойған. Ал транзитпен келе жатқандар әуежайда қамалып қалған. Бірнеше мың азаматтың өтінішін орындау үшін дипломаттарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келген. Ал, бүгін елге жете алмай қалған 76 отандасымыз чартерлік рейспен Украинадан жеткізілді. Бұл рейсті ұйымдастыруға ел қазынасынан бір тиын да жұмсалмаған. Барлық жолаушы өз қаржысымен келіпті. Барлық жолаушы 14 күндік карантинге жабылды.
Back to Top